Қазақша сапалы контент
0 голосов

Қазақ тілі — әлемдегі ең бай үшінші тіл

от (5.5 тыс. баллов) в категории Ғылым, технология, тіл

1 Жауап

0 голосов

Қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан үшінші орында. Сену қиын десек те деректер осылай. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Ал қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің төрінен орын алады.  

Тілдің қуаттылығының, өміршеңдігінің тағы бір көрсеткіші болып табылатын оның тазалығы жағына келгенде де қазақ тілінің сапалық деңгейі – жоғары. Қым-қиғаш араласқан, сапырылысқан заманда таза тіл – жоқтың қасы. Тілдер бір-біріне барынша әсер етіп, біреулері өзінде жоғын басқалардан алып, байып жатса, бұлай жасай алмаған енді біреулері алпауыт тілдерге жұтылып кетіп жатыр. Мысалы, ағылшын тілі жыл сайын өзінде жоқ 25 мыңдай сөзді басқа тілдерден алып, толыға түссе, отыздай тіл өмір сүруін тоқтатып жатады екен. Бұл жағынан келгенде де қазақ тілі өзінің табиғи негізін сақтай біліпті; осы уақытқа дейін тілімізге араб, парсы, орыс тілдері молынан еніп келсе, бүгінгі күндері ағылшын тілінен келген жаңа терминдерге жатырқамай жатсақ та қазақ тілінің сөздік қорының 60 пайыздайы түркілік түбірлі сөздер екен. Бұл – түркі тілдерінің ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш.
Осы жерде салыстыру ретінде келтіре кетсек, орыс тілінің славяндық негізі – 45 пайыз. Сонда Еуразиядағы көптеген ұлттардың тіліне тізесі батып, өктем әсер етіп отырған әлеуеті күшті орыс тілі сөздік құрамының жарымынан астамы өзі араласқан тілдерден енген сөздер екен. Міне, осындай жағдайға байланысты орыс зиялылары дабыл қағып, орыс тілінің тазалығын сақтау мәселесін көтеріп, жалпы ертеңгі күнгі болашағын ойлауға шақырып жатыр.
Сонымен, қазақ тілі – сан жағынан әлем тілдері ішінде 70-ші орында, түркі тілдерінің арасында төртінші тұрған, ал тіл байлығы жағынан үшінші орынды алатын, түркілік болмысының сақталуы жағынан келгенде, ең бірінші тұрған тіл болса, оның осындай қасиеттерімен ұлы тілдердің қатарында жүруге тиіс бүгінгі тыныс-тіршілігі патша көңілді көншіте бермейді. Қазақ тілінің әлемдік тілдердің арасында иеленетін осындай биік орнына қарамастан, тәуелсіздік алғанымен бүгінгі күндері де мүшкіл хал кешіп жатқанын немен түсіндіруге болады? Бұрындары бар бәлені отаршылдыққа жауып келдік, енді кімнен көреміз. Бұған жауап берудің оңай еместігі, себеп-салдарларының бір-бірімен әбден шатасып, тереңде жатқандығы байқалады.
Қазақ тілінің тағдыры кезінде КСРО-ның қол астында болған көптеген ұлттардың тілдерімен тағдырлас. Өткен ғасырдың басында алты миллион қазақ сан жағынан түркі халықтарының ішінде түріктерден кейінгі екінші орында болған. Бір ғасыр өткен соң, төртінші орынға түсті. Қазір түріктер 80, әзірбайжан 35, өзбек 30 миллион болса, қазақтар 14 миллионнан енді асты. Мұның өзі орыс отаршылдығы кезінде басқа халықтарға қарағанда, қазақтардың көбірек теперіш көргендігін, тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақтардың көсіліп кете алмай жатқандығын байқатады.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін большевиктер Ресей құрамында бодандықта болған барлық ұлттардың теңдігін жариялады. Солардың бірі болып, қазақтар да өз мемлекеттігін құрды. Ғасырлар бойы жүректерде ұялаған асыл армандар жүзеге аса бастағандай болған. Бірақ Қазақстан ресми түрде жеке республика атанып, қазақ тілі мемлекеттік тіл саналғанымен де билік орыстардың қолында болып, ресми іс қағаздары негізінен орыс тілінде жүргізіле берді. Күткен үміт ақталмады. Кеңес өкіметі жылдарында қазақ тілінің зарын тыңдайтын құлақ билік басында жоқ болатын. Болған күннің өзінде де компартия мұны жөндеуге жол бермейтін.
Оның үстіне жоспарлы түрде дүркін-дүркін жүргізілген қазақ зиялыларын «ұлтшылдықпен» айыптау саяси науқандары қазақ халқының ұлттық дамуына орны толмастай нұқсандар келтірді. Қазақ халқы сан жағынан ойсырап, ғасыр басындағы алты миллионнан соғыстан кейін 2,5 миллионға дейін кеміді; ұлт көшбасшыларынан, зиялыларынан айрылды. Орыстардың көпшілік болуы жер-су аттарының өзгеруіне, мектептегі оқу істерінің түгелдей орыс тіліне көшуіне, іс қағаздарының орыс тілінде жүруіне алып келді. Орыстандыру саясаты ресмилік сипат алып, бүкіл республика көлемінде қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде ұлттық республикадағы қазақтардың үлес саны үштен біріне де жетпей қалды.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы қазақ мектептері түгелге жуық жабылып, бір-бірден ғана малшының балаларына арналған облыстық интернаттар ғана жұмыс істеді. Қазақстанның астанасы Алматыда бір ғана қазақ орта мектебі жұмыс істеді. Жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиетінен басқа мамандықтардың барлығы дерлік орыс тілінде оқытылды. Осы кездерде Қазақстан бойынша 700-дей қазақ мектебі жабылды. Жоғары оқу орнына түсу үшін талапкер міндетті түрде орыс тілінен емтихан тапсыру тиіс болды.
1989 жылдың 22 қыркүйегінде тіл туралы Заң қабылданды. «Қазақ ССР-інің тіл туралы» заңында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі ресми түрде атап көрсетілді. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялады. 1997 жылы тіл туралы заңды толықтырулармен, өзгертулермен тәуелсіз мемлекеттің мүддесіне орай қайта қабылдады. Халық бұл Заңнан еліміздің егемендігіне қызмет ететін, көптің ойынан шығатын шын мәніндегі мемлекеттік тілді көргісі келді. Өкінішке орай, бұл үміт те ақталмады.
Ең бастысы тәуелсіз елдің мемлекеттік тілін төрге шығару мақсатымен қабылданған тіл туралы заңның шылауына орыс тілі тағы да жармасты. Турасын айтқанда, бұл орыс тілінің қазақ тілін, орыс рухының қазақ рухын әлсіретуі ресми түрде заңдастырылғандай болды. 1989 жылы кеңес өкіметі жылдарында қабылданған заң қазақ тілі туралы болса, жаңа заң «Тілдер туралы» аталып, Қазақстандағы барлық тілдердің жырын жырлады.
Үш жүз жылға жуық уақытқа созылған орыс отаршылдығы қазақ ұлтын рухани жағынан оңайлықпен оңалмастай орысшылдықтың айықпас ауруына шалдықтырған. Ұлттық сана-сезімін орысшылдықпен лайлап, ұлттық иммунитетінен айырған. Нәтижесінде ұлттық болмысы әбден әлсіреген «интернационал» ұлтқа айналып, не қазақ емес, не орыс емес, ортасындағы дүбәра, ұлтын мойындамайтын космополиттер көбейе бастаған.
Тәуелсіздіктерін алған соң, басқа ұлттар уақытты босқа жібермей, бірден бодандықтың былықтырған ауруларын емдеуге кірісіп кетті де ұлттық дамуға кедергі келтіретіндердің барлығынан дер кезінде арыла білді. Ал бізде отарсыздану саясаты жүргізілмеді де халқымыздың болмысына ғасырлар бойы батпандап кірген әлеуметтік кеселдер енді оған қолайлы қоғамдық – психологиялық жағдайларды барынша шебер пайдаланып, мысқалдап та шықпай жатыр.
Қазақ жерінде қазақ тілінің бел жаза алмай жатқандығы Қазақстанның Конституциясында жазылған бір-ақ сөйлемге байланысты болып отыр. 1993 жылы қабылданған Конституцияда орыс тіліне ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі берілсе, 1997 жылы бұл аздай орыстілді қазақ депутаттарының күш салуымен қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылатын ресми тіл мәртебесін иеленді. Ата Заңда бірінші тармақта қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы айта келіп, соның артынша екінші тармақпен «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылуының өзі мемлекеттік тілдің мәртебесін жоққа шығарғандай болып тұр. Қазір Қазақстан Республикасының Конституциясындағы қазақ тілінің түбіне жеткен осы бір сөйлем құрымайынша, оның көсегесі көгермейтіндігіне көз жетіп отыр.
Кезінде А.Байтұрсынұлы қазақ мектебінде оқып, ұлттық тәрбие алмаған баланың кейін ұлтына қызмет етпейтінін, сондықтан да балаларды қазақша оқыту қажеттігін ескерткен болатын. Ұлы Ахаңның ертеңгі күннің қамымен болашақ ұрпақтарға өсиет ретінде айтылған осы бір сөздерінің шындығын бүгінгі қазақтың рухани өмірі айна-қатесіз көрсетіп отыр. Қазақстанды басқарып отырған мемлекеттік қызметкерлердің 96 пайызы орыс тілді дегенге сенгің келмейді. Бірақ ащы шындық – осылай.
Өмірді орыстың көзімен көріп таныған, білімін орыстың дүниетанымымен орыс мектебінде жетілдірген, орысқа қызмет ететін орыстың рухымен сусындаған мәңгүрт пе, көзқаман ба, әйтеуір бір аты қазақ та, заты басқаның қазақ ұлтының мүддесіне, қазақ рухына, оның тілінің өсіп-өркендеуіне үлес қосады дегенге сену қиын.
Керісінше, осылар қазақтың ұлттық мүддесіне ашық қарсы шығып, «іштен шыққан жау жаманның» керін келтіріп отыр. Оларда халыққа қызмет ету деген ұғым-түсінік, отаншылдық, патриоттық сезімдер жоқтың қасы; бар арманы – бар мүмкіндікті пайдаланып, ұлттың, халықтың, мемлекеттің есебінен қалтасын толтыру. Міне, осындай жағдайда билік маңында мемлекеттік қызметте жүрген отаншылдық сезімнен жұрдай қазақтардың тікелей қатысуымен Қазақстанның ұлттық байлығы талан-таражға түсіп жатыр.
Тәуелсіздік алған 1991-1992-ші оқу жылында республика мектептеріндегі оқудың 28 пайызы орыс тілінде жүрсе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 65 пайыз. Қазір Қазақстандағы барлығы 7516 мектептің 3843-і қазақша білім беріп, онда барлық оқушылардың 84 пайызы – 1 074 533, оның ішінде 2 500 бала басқа ұлттың балалары оқиды. 259 454 қазақ баласы 2067 орыс тілді мектепте білім алады. Қалғандары – аралас мектептер. Аралас дегенімізбен олардың да заты – орысша. 1991 жылы Қазақстандағы 8 881 балабақшаның 4734-і жас бүлдіршіндерді қазақша тәрбиелесе, қазір елімізде 648 ғана балабақша қазақ тілінде тәрбиелейді. Ал жоғары оқу орындарындағы орыс топтарының 70-80 пайыздайы тағы да – қазақтар.
Бұл фактілер Қазақстанның білім беру саласы болашаққа екі тілде сөйлейтін, екі түрлі дүниетанымды, екі түрлі бағыттағы ұрпақ дайындап жатқандығын байқатады. Сонда мұнымыз бір ұлтты іштей екіге жарып, бөлшектеп, арасына жік салу, іштей ірітіп, әлсірету болып шықпай ма? Ұлт бірлігінің, халық бірлігінің негізі тіл, тіл тұтастығы ұлт тұтастығының кепілі екендігін ұмытпайық.
Бүгінгі оқу орындарында орысша білім алып жатқан оқушылардың осыдан 20–40 жылдан кейін Қазақстан қоғамының белсенді азаматтары, көшбасшылары болатындығын ескерер болсақ, 2011 жылы маусым айының 29-ында қабылданған «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» және Қазақстан Республикасы Президенті қазақстандықтардың 2017 жылы 80, ал 2020 жылы 95 пайызы қазақша сөйлейтін болады дегенінің қалай орындалатындығы ойлантады.

от (5.5 тыс. баллов)