Қазақша сапалы контент
0 голосов
Қазақ тiлi - мақтанышым шығарма
от (5.5 тыс. баллов) в категории Ғылым, технология, тіл

2 Ответы

0 голосов
Менің ана тілім – шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл. Өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіме басты себепкер - сол ана тілім! Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбат тіл.  Ақын С.Торайғыров ана тілімді:

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін, – деп жырға қосқан.

Ана тілім-ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиі көремін. Тіпті, туған тілінен безетін сорақыларды да, менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады.

Ана тілі - ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз. Ақиық ақын М.Мақатаев «Отан» атты өлеңінде:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем  

Мен оның құдіретті үнін сүйем, – деп Отанды сүюдің, ана тілін сүюдің құдіретті биік сезім екендігін білдіреді.

Менің елім – көп ұлтты Қазақстан. Қанша ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда ұлттар арасында татулық  пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны - бәріміз үшін мақтаныш. Бұл - біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, дана ойларының жемісі. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін, халық мүддесін ғана ойлайтын Елбасының арқасында біз, қазақ елі, мәңгілік ел болып қала бермекпіз.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: «Бір мақсат,бір мүдде,бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген жолдауындағы сөздерін барша қазақстандық құптайды. Мен әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің құдіретіне әрдайым сенемін. Тіліміз - бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы.

Қазір Елбасымыз үш тілді білуді міндеттеп отыр. Болашақта бұл үлкен мәселе болмақ. Менің ойымша, егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы  кеңейеді. Сондықтан мен өз замандастарымды «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын және бәріне:

Мейлі, сен көп тілді біл «қой» демес ем!

Пушкин, Байрон, Шекспир, Гейнеге сен.

Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын

Туған ана тіліңде сөйлемесең, – дегім келеді.

Сырдың сыршыл ақыны Ә.Тәжібаев «Біз түгел қазақ бола білейік» деген өлеңінде:

Күркіре, көңілім,

Қобызым, гуле, бұрқыра!

Күн жаңа туды

Ерлікке ғана ұмтылар.

Елдікті қорға,

Елдікті бастар ерлікті айт.

Сарының сенің

Рух берсін жуас жұртыңа

Жырла, тілім, жырла! - дейді.

Қорыта келгенде, Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілі, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болып қала бермек!
от (5.5 тыс. баллов)
0 голосов

Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. 

Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте.

Әлемде 2500-ден астам тіл бар. Олардың нақты санын дәл айту мүмкін емес. Әр жыл сайын, әр ай сайын, тіпті, күн сайын бір тіл жойылып отырады. Қазіргі таңда көптеген тілдердің жойылып кету қауіпі бар. Адамдар өз ана тілінің жойылып кетпеуі үшін барын беруге даяр. Өкініштісі, биология заңдылығына ұқсас ірі тілдер ұсақ тілдерді өзіне кіріктіріп, жеке дара құндылықтары мен ерекшеліктерін жойып жіберуде.

Адамдар үшін өмірдегі ең бағалы құндылықтардың бірі — ана тілі. Ана сүтімен дарыған тілдің қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны Расул Хамзатовтың «Ана тілі» өлеңінде көркем суреттейді.

Бар адамнан жатырмын тек бөлек мен 
Бір дауысты естіп қалдым кенеттен. 
Естідім мен осы арадан үнін де, 
Екі кісі сөйлесті авар тілінде.
Мен жатырмын қара жерде көз жұмып 
Мына екеуі күбірлейді сөз қылып 
Ғасан деген бір кісінің қулығын 
Али деген бір кісінің сұмдығын 
Естідім де сөзін ана тілімнің 
Бойым жылып лезде мен тірілдім 
Балгер де емес дәрігер де емес емдейтін 
Тек өзімнің тілім екен сөйлейтін 
Өзге бір тіл емдер басқаларыңды 
Мен онымен айта алмаймын әнімді 
Егер тілім ертең болса құрымак 
Мен дайынмын өтуге де бүгін ақ 
Мен жаныммен сүйем осы тілімді 
Кедей деп ақ айта берсін білімді 
Ассамблеяда естілмесін үні де 
Ана тілі ұлы менің өзіме. 

Өлген адамды тірілтер тілдің ғана құдіреті бар. Расул Ғамзатовтың бұл өлеңі күллі авар халқының мұңын жоқтап, авар тілінің құдіреттілігін сезіндіріп тұр. Қазақ ұлтында да тіл туралы жырламаған ақын-жазушы кем де кем. «Ал екінші бақытым — тілім менің»,- деп жырлаған Мұқағали ақынның өлеңі әр қазақ баласының көкірегінде сайрап тұр.

 

Қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан үшінші орында. Сену қиын десек те деректер осылай. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Ал қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің төрінен орын алады (Дереккөз: baq.kz).

Қазіргі таңда елімізде қазақ тілі мен орыс тілі қатар қолданып келеді. Еліміздегі ірі қалаларда орыс тілінің басымдылығы бар екені жасырын емес. Оңтүстік өңірлер тілдің мәйегін бұзбай қазақылығын сақтап отыр. Ал солтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш өте төмен. Біз бұл көрсеткішті көтеру үшін әр қайсымыз ана тілімізде сөйлеп, ана тілінде қарым-қатынас жасауымыз керек. БАҚ құралдары мен қоғамдық орындағы іс-шаралар қазақ тілінде өтер болса, тілімізге сұраныс артар еді. Қазір өзге ұлт өкілі түгіл, қазақтардың өзі ана тілін керексіз етіп отырғаны жасырын емес. Бұған  Мұхтар Шаханов ағамыз «мәңгүрттік» деп сипаттама берген еді.

Тіл түзелмей, қоғам түзелмейді; мемлекеттің де, ұлттың да болашағы күңгірттене береді. Сондықтан да еліміздің қоғамдық-рухани өмірінде ұлттық тіл саясатын барынша батыл қолға алып, қарқынды жүргізетін уақыт жетті.
Ататүріктің «Қай кезде де ұлттық мұрат пен ұлттық мүддеге басымдық беруіміз керек. Халықаралық саясат, еларалық жағдай – мұның бәрі ұлттық мұрат пен ұлттық мүддеден төмен тұруы керек» дегеніндей, Қазақстан мемлекетінде де оның тілінен бастау алған рухани құндылықтарына бет бұрып, барынша халықтық мүддеге қызмет ететін ұлттық саясат жүргізу – бүгінгі күн қажет етіп отырған басты талабы.

от (5.5 тыс. баллов)